Жамағат арасында үстел теннисінен жеңімпаз анықталды

©Ольга Апельганец

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшылығымен үстел теннисінен жамағат арасында қалалық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Теннис клубында өткен финалдық кезеңде 24 спортшы бақ сынады. Аталған спортшылардың бәрі де аудандық іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен 300-ге тарта теннисші арасынан үздік шыққандар. Бәрі де әуесқой деңгейдегі спортшылар. Десек те, жарыс барысында кәнігі кәсіпқой теннисшілердей шеберліктерін паш етіп, әрбір кездесу тартысқа толы болды. Ұйымдастырушылар тағайындаған жүлделер де бағалы болғандықтан, қатысушылардың бәрі де жеңімпаз атану үшін аянып қалмады. Алатау ауданы, "Бекет ата" мешітінің намысын қорғаған Бақытжан Тұрғын мен Медеу ауданы, "Көктөбе" мешітінің атынан сынға түскен Кенжебек Камал 24 теннисші арасынан дара шығып, бас жүлдені өзара сарапқа салды. Әрбір соққысында теннис шарын діттеген жеріне дөп түсіріп, қоғаныста да көп қателесе қоймаған Бақытжан Тұрғын жеңіске жетіп, биылғы жамағат арасындағы жарыстың бас жүлдесін иеленді. Кенжебек Камал екінші болса, Әуезов ауданы "Таугүл-3" мешітінің атынан өнер көрсеткен Диас Алмабеков жүлделі үштікті түйіндеді.

"Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың бәрі де жақсы дайындалған, қарсыластарым да мықты болды. Әсіресе финалдық кездесу өте мен үшін ауыр әрі шиеленісті өтті. Кездесудің соңына дейін жеңімпаз боламын ау деген ой болған жоқ. Тек жеңісіңді хабарлаған сәтте ғана ұтқаныңды шын сезесің. Өйткені бұл спорт, бірде ұтсаң енді бірде жеңіліп қалуың мүмкін. Сондықтан бүгін сәттілік менің жағымда болды" - дейді жарыс жеңімпазы Бақытжан Тұрғын.

Жарыс соңынан жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшылар диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.  

Алып шаһар Алматы мешіттерінің жамағаты осылайша биылғы маусымды үстел теннисі жарысымен түйіндеді. Естеріңізге сала кетсек, жыл басынан бері мерекелі даталарға орай бірнеше рет Спартакиада ұйымдастырылып, қаламыздың мыңдаған тұрғындары қатысты. Одан өзге қазақ күресі, волейбол, футбол сынды бұқаралық сипаттағы спорт түрлерінен де тартысты бәсекелер өтті.

Жыл бойына өткізілген спорттық шаралардың негізгі мақсаты да - мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар исламның дәстүрлі емес ағымының жетегінде жүрген жандарға асыл діннің оң жолын көрсету.

Бұқаралық спортты насихаттау мақсатында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшылығы алдағы жылы да осындай спорттық жарыстарды дәстүрлі өткізуді көздеп отыр.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар
15 желтоқсан 2022, 14:29
Үстел теннисі
Астанада үстел теннисінен ашық турнир өтеді
5 желтоқсан 2022, 19:01
Үстел теннисі
Алматыда теннистен халықаралық турнир өтеді