Паралимпиада
Бүгін 09:28

Тарихи жетістік жасаған Хамиов елге оралып сыйға пәтер алды

Ербол Хамитов. ©Paralympic.kz

Паралимпиаданың биатлон жарысының жеңімпазы Ербол Хамитов Астанаға келді. Елордалық әуежайда оны ондаған адам қарсы алды, деп хабарлайды Vesti.kz сайты Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

Чемпионды туыстары мен достары, сондай-ақ, көптеген қазақстандық жанкүйерлер дәстүрлі "шашу" шашып, ыстық ықыласпен қарсы алды.

Хамитовпен бірге сахнаға Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен елдің Паралимпиада комитетінің өкілі Бақыт Сапаров көтерілді. Олар чемпионға жоғары деңгейдегі өнері үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде Ербол Хамитов та сөзін жиналған қауымға алғыс айтудан бастады.

"Баршаңызға көп рақмет, келіп қолдау көрсеткендеріңіз үшін. Екі ай бұрын Президентіміз маған ел туын табыстаған еді, мен оған бар күшімді салып, көк туымызды көтеріп, стадионда әнұран шырқалуы үшін барымды саламын деп уәде бергенмін.

Қысқы Паралимпиада ойындарында лайықты өнер көрсету мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Мен бұл туралы көптен бері армандадым. Күнделігіме әлем чемпионы болғым келеді, Олимпиада чемпионы болғым келеді деп жазғанмын", - деді ол.

Сондай-ақ, спортшы командасының қолдауын және дайындыққа жасалған жағдайлардың жоғары деңгейде болғанын атап өтті.

"Мені паралимпиадалық спортқа бағыттаған адамдарға ерекше алғыс айтқым келеді. 2016 жылы аяғымнан айырылған кезде маған қолдау көрсеткен - Анатолий мен Сергей. Сіздерге рахмет. Сонымен қатар, әрдайым жанымнан табылған туған-туыстарыма алғыс айтамын", - деп қосты чемпион.

Салтанатты рәсім барысында Ербол Хамитовқа Астанадан екі бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды.

Айта кетейік, Ербол Хамитов Паралимпиада-2026 ойындарында шаңғы спринтінде қола, ал биатлонда алтын жүлде жеңіп алды. Ол қысқы Паралимпиада тарихында бірден бірнеше жүлде иеленген алғашқы қазақстандық атанды.

Сонымен қатар, оның парабиатлондағы жеңісі Қазақстан үшін Паралимпиада тарихындағы алғашқы алтын болды.

Ербол Хамитов бала кезінен спортпен айналысқан. 19 жасында ауыр жарақат алып, аяғынан айырылса да, спортты тастамады. 2017 жылы ол грэпплингтен Қазақстан кубогының жүлдегері атанды, алайда ең үлкен жетістіктеріне қысқы спорт түрлерінде қол жеткізді. 2023 жылы парашаңғы жарысынан әлем чемпионы атанса, 2025 жылы парабиатлоннан әлем чемпионатының алтынын жеңіп алған алғашқы қазақстандық болды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport