Олимпиада-2020
24 шілде 2019 22:36

Токио Олимпиадасына тура бір жыл қалды

Тура бір жылдан соң, 24 шілде күні, Токиода төртжылдықтың ең маңызды спорттық оқиғасы - 2020 жылғы Олимпиада ойындары басталады. Қазақстан құрамасы аталған ойын қарсаңында Олимпиада жолдамасына таласып жүр. Бүгінге дейін #TEAMKZ спортшылары бес жолдама еншіледі, - деп хабарлайды ҰОК ресми сайты.


2020 жылғы Олимпиада ойындарында әлемнің барлық мемлекетінен 11 090 спортшы қатысады. Осы орайда, ерлер мен әйелдер теңдігі сақталғанын айта кету керек. Жалпы қатысушылардың 49 пайызын әйелдер құрайды.

Олимпиада ойындарында 33 спорт түрінен 339 медальдар жиынтығы таратылады. Ал мультиспорттық доданы ұйымдастыруға 200 мыңнан аса еріктілер көмектеседі.

Олимпиадалық спорт түрлерінен халықаралық федерациялар ойынға қатысатын атлеттерді іріктеуден өткізу жүйесін біршама қиындатты. Негізінен, споршыларды рейтинг арқылы іріктеу жүйесі қолданысқа енді. Атап айтар болсақ, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, карате сынды спорт түрлерінде төртжылдық додасына іріктеу кезеңі рейтинг арқылы есептелуде.

Жыл басынан бері әлем спортшылары Олимпиада лицензиясына таласты басталды. Спорттың барлық түрлері бойынша 2020 жылғы ойындарға іріктеу кезеңі басталып кетті.

Қазақстан командасы сапынан Токио ойындарының алғашқы жолдамасын жеңіл атлет Георгий Шейко иеленді. Ол наурыз айында өткен Азия чемпионатында спорттық жаяу жүрістен күміс жүлде жеңіп алды. Шейконың уақыт көрсеткіші – 1 сағат 20 минут 21 секунд. Бұл 1 сағат 21 минутқа сай келетін Олимпиада нормативі үшін жеткілікті көрсеткіш.

Сәуір айында #TEAMKZ қоржыны тағы екі лицензиямен толықты. Ашық суда жүзуден Кувейтте өткен Азия чемпионатында Виталий Худяков алтын жүлдегер атанып қана қоймай, Олимпиада жолдамасына иелік етті. Ол 10 шақырымға жүзуден Токио ойындарының лицензиясына қол жеткізген.

Бірнеше күннен соң жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге жолдама бұйырды. Ол Гуанджоуда өткен Champions Swim Series турнирінің бірінші кезеңінде 200 метрге брасс әдісімен жүзуден лицензия ұтып алды. Ал шілде айында Дмитрий 100 метрге брасс әдісімен жүзуден тағы бір жолдаманы қоржынға салды. Кванджуда өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатының жартылай финалында Баландин Олимпиада нормативін орындаған болатын.

30 маусым күні жеңіл атлетикадан ұлттық құрама үздігі Ольга Рыпакова Алматыда өткен лицензиялық Қазақстан кубогінде жолдамаға иелік етті. Рыпакова үш қарғып секіруден 14.37 нәтижесін көрсетіп, өзінің төртінші Олимпиадасына жолдама алды.

Сондай-ақ, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алғандар қатарында садақ атудан Қазақстан командасы бар. Санжар Мұсаев, Денис Ганькин және Ильфат Абдуллин Хертогенбоста (Нидерланд) өткен әлем чемпионатында алтыншы орын иеленіп, Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Сондай-ақ, спортшылар жекелей сында өнер көрсетеді.

Бұл әзірге бастамасы ғана. Бір жыл бойы спортшылар Токио ойындарының жолдамасын жеңіп алу үшін аянып қалмайды.