Олимпиада-2020
18 наурыз 2021 15:49

Олимпиада ұйымдастырушысы орынсыз әзілі үшін жұмыстан кетті

Хироси Сасаки Фото: Globallookpress.com (c)

Токио Олимпиадасы ұйымдастырушысы Хироси Сасаки әйелдер туралы әзіл айтып, жұмысынан айырылды,- деп хабарлайды ВВС. 

Ол 33 жастағы бодипозитив бағытын ұстанатын әртіс Наоми Ватанабэге Ойынның ашылу салтанатында доңыз костюмін киіп, аспаннан түсу туралы ұсыныс жасаған. Бұл қойылымға Сасаки Olympig ("pig" ағылшын тілінен аударғанда "доңыз" дегенді білдіреді) атауын берген көрінеді. Бұл идеяны өзгелер орынсыз әрі әйелдерді қорлау деп тауып, 66 жастағы ұйымдастырушы өз әзілі үшін кешірім сұрауға мәжбүр болған. Ізін ала Сасаки жұмысынан кетті.  

Осыдан бірнеше уақыт бұрын, Токио Ойындары Ұйымдастыру комитетінің басшысы Есиро Мори де айтқан сексистік пікірлері үшін қызметінен кетуге мәжбүр болған еді. Ол өз сөзінде көп әйел қатысқан қызметтік кездесулердің ұзаққа созылатынын айтқан. 83 жастағы саясаткердің сөзіне сенсек, әйелдер көп сөйлейді және әр әйел өз пікірін айтып қалуға тырысады екен. Мори өзінің пікірі үшін кешірім сұрағанымен, оның бұл әрекеті қызметін сақтап қала алмаған болатын. 

 
Наурыз айының басында Токио Олимпиадасының ұйымдастырушылары Ойынға шетелдік жанкүйерлердің қатысуына тиым салу туралы шешім қабылдаған еді. Ұйымдастырушылар бұл шешімді Жапонияда коронавирус індеті таралуының алдын алу мақсатында шығарды. Алайда, кей деректерге сүйенсек, осы мәселе турасындағы соңғы, әрі нақты шешім алдағы айдың ішінде шығады. 

Естеріңізге сала кетейік, Токио Олимпиадасы 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамыз аралығында өтеді деп жоспралануда.