Олимпиада-2020
13 шілде 2021 12:51

"Қазы мен стейк жеп салмақ қосып алдым". Жазира Жаппарқұл Олимпиададағы қызықты оқиғасы айтты

сурет: reuters

Олимпиада ойындарының жүлдегері Жазира Жаппарқұл төртжылдықтың басты жарысындағы қызықты оқиғаларын бөлісті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі Qazsport телеарнасына сілтеме жасап.

"Рио Олимпиадасында қызық оқиғалар болды. Етті жақсы көретінімді барша халық біледі. Ал Рио-де-Жанейрода стейкті өте дәмді дайындайды. Ата-анам әрдайым оқу-жаттығу жиындарына қазы-қарта салып жіберетін. Бразилияға да қазы алып кеткем. Күнде қазы мен стейк жеймін. Сөйтіп жүріп салмақ қосып алдым. Әдетте ондай кезде лимонмен салмақ қуатынмын. Ол жақта лимон жоқ екен. Есесіне лайм таптым. Алайда, бір пакет лаймнан небәрі жарты стакан су шығатынын сол жақта білдім. Күніне бар болғаны 200 грамм салмақ тастап жүрдім. Салыстырмалы түрде бір пакет лимон ішсем 10 келіге дейін салмақ түсіруге болар еді. Шынымды айтсам, қатты қобалжыдым. Тіпті көзіме жас алдым. Төрт жылда бір келетін жарысқа барып тұрып, елімнің үмітін ақтамау – мен үшін үлкен сын болды. Соншама іріктеуден іркілмей жолдама алғанда артық салмақ үшін Олимпиадға қатыса алмай қалудың сәл алдында қалдым. Сонымен салмақ өлшеуге 2 сағат қалғанда 700 граммды ыстық моншаға 11 рет кіріп жүріп әрең тастадым. Салмақ өлшеп болған соң бапкерім маған арнайы стейк алдырыпты", - деп қунашпен еске алды Жазира Жаппарқұл.

Еске салайық, Жазира Жаппарқұл 2016 жылы өткен Жазғы ойындарда ауыр атлетикадан 69 келіге дейін салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанған. Сонымен қатар, 2014 жылы Алматыда және 2015 жылы Хьюстонда әлем чемпионатының күміс медальдарын иеленген.