"Елді қуантуға тырысамын". Олимпиадаға алғаш қосылған спорт түрінен Токиоға баратын жалғыз қазақстандық

Сурет: спортшының жеке мұрағатынан

Биыл Токиода спорттық құзға өрмелеушілер алғаш рет Олимпиадаға қатысады. Отандасымыз Ришат Хайбуллин аталмыш жарыста ел намысын қорғайтын спортшылардың бірі. Бұл күндері Еуропадағы әлем кубогіне қатысып жатқан Ришат Vesti.kz тілшісімен дайындығымен бөлісті.

Альпинизм – бірнеше спорт түрлерінен негізін салған. Атап айтқанда спорттық құзға өрмелеу, ски-альпинизм, мұзға өрмелеу және скайранинг.

- Ришат, алдымен бұл спортқа қалай келгеніңізді айтып берсеңіз

- Бұл спортқа 6 жасымда әкем алып келді. Ол кісі еңбегі сіңген, тәжірибесі мол альпинист. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Содан бері үздіксіз айналысып келемін. Отбасымызда менен де басқа бауырларым осы спорт түрімен айналысады.

- Олимпиада жолдамасын қашан ұтып алдыңыз?

- Олимпиада жолдамасын 2019-шы жылы күншығыс елінде өткен Әлем кубогінде "жылдамдық", "боулдеринг" және "қиындық" санаттарының көпсайысында қола жүлдені жеңіп алдым. Нәтижесінде төрт жылда бір келетін Жазғы ойындарға баратын мүмкіндікке ие болдым. Қазіргі таңда Аустрия мен Швейцарияда әлем кубогіне қатысып жатырмын. Еуропада соңғы дайындықты пысықтап 27-шілде Олимпиада астанасына аттанамыз.

 

- Біздің елімізде аталмыш спорт түрі қаншалықты дамыған?

- Біздің елімізде бұл спорт түрімен айналысатындардың саны артып келеді. Мемлекет тарапынан да қолдау бар. Мәселен еліміздегі көптеген сауда-орталықтарында құзға өрмелеу кешендері салынып жатыр. Дегенмен салыстырмалы түрде әлемнің басқа елдерінен анағұрлым артта қалғанымыз рас. Біздің мақсатымыз – солардың деңгейіне жету.

- Әлем кубогіндегі нәтижеңіз қандай болып жатыр?

- Инсбуркте "қиындық" категориясында сынға түстім. Негізі мен "жылдамдық" санатында өзімді еркін сезінемін. Дегенмен Олимпиада ойындарында жеңімпаз көпсайыс, яғни "жылдамдық", "қиындық" және "боулдеринг" категориялары бойынша анықталады. Сондықтан бұл жолы жаттығу ретінде аса күш салмай өнер көрсеттім. Нәтижесінде 101 спортшының арасынан 38-ші орын алдым. Бар күшімді Олимпиада ойындарында салып, барша қазақстандық жанкүйерді қуантуға тырысамын.

Метки:
Жаңалықтар
23 маусым 2022, 13:27
Олимпиада
23 маусым Халықаралық Олимпиада күні