Әлемнің төрт дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Илья Ильин Токио төрінде қай спорт түрлерінен жүлде күткенін айтты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
"Олимпиада ойындарына қатысқан барлық спортшыға қолдау көрсеттік. Бәрінен жүлде күттік. Дегенмен, өз басым боксшыларға қатты сендім. Алтын болады деп ойладым. Кем дегенде бокстан бір алтын, екіншісі кез-келген спорт түрінен болуы мүмкін деп топшыладым. Олардың арасында жеңіл атлетиканы айтуға болады. Өзім кезінде өнер көрсеткен ауыр атлетика спортына тоқталсам, отандастарымыз 100 пайыздық нәтиже тіркеді. Жарысқа барған екі спортшымыз да жүлдемен оралды. Сондықтан зілтеміршілеріміз жарады", - дейді Ильин.
Еске салайық, Илья Ильин 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағынған. Алайда допинг дауына байланысты спортшының жетістіктері есепке алынбады.