Токиода қола, ал Парижде бұйырса алтын болады - Сәкен Бибосынов

Сурет: olympic.kz©

Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасын 8 қоламен қорытындылап, жалпыкомандалық есепте төрт жылдықтың басты жарысын 83 орында аяқтады. Жүлдегерлердің арасында боксшы Сәкен Бибосынов жартылай финалда сүрінгеніне қарамастан, қазақстандық жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Себебі 52 келіде сынға түскен жерлесіміз Токио рингіндегі әр кездесуін өта жақсы өткізді. Алғашқы Олимпиадасына қатысқан былғары қолғап шебері Vesti.kz тілшісіне алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Сәкен, елге қош келдіңіз. Карантин жағдайындағы Олимпиада ойындары жайлы пікір білдірсеңіз?

- Қазақ елі алған қола медалім алтынға татиды деп жігерлендіріп жатыр. Осы орайда халқыма алғысымды айтамын. Негізгі мақсатым – қазақтың көк туын көкке көтеріп, әнұранымызды шырқату болған. Әттең, бұл жолы Олимп шыңын бағындыру қолымнан келмеді. Дегенмен алдағы уақыттағы жеңістерімнің үлкен баспалдағы деп білемін. Бұйырса болашақта үлкен жарыстарда елімді алтынмен қуантамын деген арманым бар.

- Париждегі жазғы ойындарға бару жоспарыңызда бар ма?

- Токио қола болса, амандық болса Париж алтын болады. Осы сәтті пайдалана отыра, барша қазақ халқына алғыс айтамын. Қолдауларыңызға көп рақмет!

Еске салайық, Сәкен Бибосынов 52 келіге дейінгілер арасында Олимпиада қола медалін еншіледі. Алдымен Пуэрто-Рико, Франция және Испаниядан келген қарсыластарын оңай ұтса, жартылай финалда британиялық Галал Яфайға есе жіберді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар