"Токиода алтын аламын деген мақсат қойдым". Әнуар Сариев екінші Паралимпиадасы жайлы

©сурет: instagram.com/kazparalympics

Паралимпиада ойындарына қатысқан отандық дзюдошылар рекорд орнатты, деп жазады Vesti.kz тілшісі. Күншығыс еліне барған жеті балуанның үшеуі күміспен күптеліп, ел абыройын асқақтатты. Олардың арасында Әнуар Сариев алғаш болып қоржынға жүлде салды. Рио ойындарында Сариев жетінші орыннан көрінсе, бұл жолы финалға дейін жолдама алды. Елге табаны тиген бойда қазақтың асықтай ұлы қуанышты сәтімен бөлісті.

"2016 жылы денсаулығыма байланысты жақсы нәтиже көрсете алмадым. Оның үстіне төрешілер жағынан да бұрмалаушылық болды. Содан кейін Токиода алтын аламын деген мақсат қойдым. Өкінішке қарай, өз мүмкіндігімді пайдалана алмадым. Қателік жіберіп қойдым. Енді бұйырса жыл соңында Азия чемионаты өтеді. Соған дайындаламыз. Келесі жылы әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғайтын боламыз", - дейді Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері.

Еске салайық, Әнуар Сариев 60 келіге дейінгілер арасында финалға шығып, әзірбайжандық Вугар Ширинлиге есе жіберді. Алғашында Сариев ваззари әдісімен алға шыққан. Белдесудің аяқталуына 40 секунд қалғанда қарсыласы екі ваззари әдісін жасап, жеңісті жұлып әкетті.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар