Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қола жүлде үшін таластағы қарсыласы анықталды, деп жазады Vesti.kz порталы.
Үшінші орын үшін өтетін ойында Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі украиналық Элина Свитолинаға қарсы ойнайды. Украиналық ару Олимпиаданың жартылай финалында чехиялық Маркета Вондроушовадан 3:6, 1:6 есебімен ұтылып қалды.
Ал Олимпиаданың финалында Вондроушова швейцариялық Белинда Бенчичке қарсы кездесу өткізеді. Бенчич жартылай финалда біздің Рыбакинаны ұтып кеткен болатын.
Айта кетейік, Рыбакина мен Свитолина арасындағы кездесу 31 шілде күні өтеді. Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен шамамен 09:00-де басталады.