Қазақстан бокс федерациясы Олимпиадаға қатысқан ұлттық құраманы марапаттады, деп жазады Vesti.kz тілшісі. Салтанатты іс-шарада федерация басшысы Кеңес Рақышев қола медаль иегерлері Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаевтарға 50 мың АҚШ доллардың сертификатын табыстады. Сонымен қатар, боксшылардың жеке бапкерлеріне 10 мың АҚШ доллар сыйақы берді. Осы орайда жеңіл салмақта сынға түскен Сәкен Бибосынов Токиода тапқан табысын қайда жұмсайтынын айтып берді.
- Сәкен, Олимпиада аяқталғанымен ел аузынан әлі күнге дейін төртжылдықтың басты додасы жайлы әңгіме таусылған жоқ. Жалпы жарысқа бағаңызды бере кетсеңіз.
- Олимпиада алтынын алмасам да, қазақ елі "сен біз үшін чемпионсың" деп қолдауларын білдіріп жатыр. Жартылай финалда екінші және үшінші раундтарда жеңіске жеттім деп есептеймін. Өкінішке қарай, төрешілер бұрмалаушылық жасады. Ол жердегі эмоцияма тоқталсам, еріксіз көзіме жас алдым. Қазақ елінің көк туын желбірете алмадым, әнұранымызды Токио төрінде шырқата алмадым деген өкініш болды.
- Олимпиадада алған сыйақыңызды қайда жаратасыз?
- Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев мырзаға алғыс айтамын. Бізге қаржылай қосымша көмек көрсетіп жатыр. Осы орайда мемлекет тарапынан берген 75 мың АҚШ долларын яғни, 31 миллион теңгені көмекке мұқтаж адамдарға жұмсаймын деп шештім.
- Олимпиадаға тағы барып жатсаңыз...
- Лицензия алып Олимпиадаға барып жатсам, әрбір қарсыласымды айқын басымдықпен ұтуға тырысам. Мұндай үлкен жарыста бар күш-жігеріңді салып жұдырықтасу керек екен.
- Токио төрінде басқа да отандастарымызға қолдау көрсеттіңіз бе?
- Әрине, Жазғы ойындарға барған әрбір отандасымызға қолдау көрсеттім. Әсіресе Елдос Сметовке тілеулес болдым. Риода күміс алған соң, бұл жолы "алтын" алса екен деген тілегім болды.