"Жарыс түгілі жаттығу да болған жоқ". Әлия Юсупова шәкіртінің Олимпиадаға жолдаманы қалай алғаны жайлы

Сурет: Olympic.kz©

Әр Олимпиада ойындары сайын Қазақстан құрамасының атынан бір спортшы көркем гимнастикада ел намысын қорғап келеді. Бұл жолы Күншығыс еліндегі байрақты бәсекеде Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін чемпионы Алина Әділханова Токио жолдамасын иеленіп, жалпы есепте 21 орыннан көрінді. Ал Алинаның жеке бапкері Әлия Юсупова шәкіртінің лицензияны қалай алғанын айтып берді.

"Олимпиада ойындары әр спортшы үшін, әр бапкер үшін оңайға соққан жоқ. Себебі біз бұл жарысты бес жыл күттік. Тіпті бес жыл бойы Токио жолдамасын алу-алмайтынымызды соңғы сәтке дейін білмедік. Былтыр лицензиялық Азия чемпионаты Қытайда өтуі тиіс еді. Өздеріңіз білетіндей, пандемия кезінде ешқандай турнир болған жоқ. Аспан асты елінің өкілдері аталмыш бәсекені қабылдаудан үзілді-кесілді қарсы болды. Жарыс түгілі жаттығу да болған жоқ. Міне, сол жарыс Өзбекстан астанасында биыл маусым айында өтті. Сәтін салып Алина бірінші орын иегері атанды. Оның негізгі қарсыластары кәріс пен қытай қызы бес жыл бойы Мәскеуде жаттыққан. Соған қарамастан спорттық карьерасындағы бірінші Олимпиадасына жолдама алды. Өкінішке қарай, жарақатымен барды. Соның салдарынан көп жаттығу бере алмадым. Егер жарақаты болмай, жаттығу кезінде қиын элементтерді орындаса Токио төрінде қателіктері болмас еді деп ойлаймын, - дейді Юсупова Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.

 

Спортшының өзі Токиодағы жарысына жоғары бағасын берді.

"Менің ойымша Олимпиадада жақсы өнер көрсеттім деп есептеймін. Әрине, элементтерді орындау барысында қателіктер болғаны рас. Алайда, ол қателіктер аз дайындалғанымнан емес, керісінше қатты толқығанымнан болды", - дейді Алина Әділханова.

 

Еске салайық, жекелей сында Израильден келген Линой Ашрам алтыннан алқа тағынса, Дина Аверина Ресейге күміс медальмен оралды. Ал беларуссиялық Алина Горносько қола жүлде еншіледі.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар