Бақтияр Артаев бокстан Қазақстан құрамасы 80 пайызға өзгеретінін мәлімдеді

Сурет: olympic.kz

Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев Олимпиададан кейін команда қалай өзгеретінін айтты, деп жазады Vesti.kz тілшісі. 

"Ұлттық құрамадан ешкім кеткен жоқ. Бірақ Олимпиадаға барған құрама 80 пайызға өзгереді. Өйткені резерв бар, өсіп келе жатқан жастар бар. Бізде кәсіпқой бокста жүрген жігіттер де барын айта кетейік. Бәрімен келіссөз жүргізілді. Кәсіпқой бокста жүрген жігіттердің бәрі келуге дайын", - деді Артаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте.

Оның айтуынша, осы спортшылардың бәрі келсе, 70-80 процентке жаңарған команда биыл бокстан әлем чемпионатына барады.

"Биылдан бастап AIBA ережесіне сәйкес, жігіттер 13 салмақ бойынша өнер көрсетеді. Ал қыздарымыз 12 салмақ дәрежесінде бақтарын. Әлем біріншілігіне нағыз мықтыларды апарамыз. Сол кезде басқа боксты көресіздер. Алла жазса, Олимпиаданың қателігін де сол жерде өзгертеміз", - деп атап өтті Артаев.

Айта кетейік, бокстан 2021 жылғы Әлем чемпионаты Сербияда өтеді. 2019 жылғы чемпионатта Бекзад Нұрдәулетов (81 келі) алтын жүлдеге ие болса, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) күміс медаль жеңіп алды. Тағы төрт боксшымыз "қоланы" қанағат тұтты.

Ал Токио Олимпиадасында Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қана жартылай финалға жеткен. Екеуі де қола жүлдегер атанды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар