"Әркім өз елінің намысын қорғайды". Қырғыз журналисі қазақ спортшыларымен бәсеке жайлы

Автор:
Акжол Махмудов. Сурет: novosti.kg

Осы аптада Токиода жалауы желбіреген XXXII Жазғы Олимпиада ойындары мәресіне жетеді. Әзірге Қазақстан құрамасының спортшылары қоржынға қоладан жоғары санаттағы жүлде салмады. Ал 16 атлетін үкілеп апарған көрші Қырғызстан командасы 2 күміс, 1 қоламен жалпы есепте 66 орынға жайғасқан. Салыстырмалы түрде Қазақстан командалық есепте 76 орында тұр. Осы орайда Vesti.kz тілшісі Алатаудың ар жағындағы спорт журналисі, Qsport Arena телеарнасының комментаторы Сұлтан Мирбековпен қырғыз спортының жетістігі жайлы тілдесті.  

- Сұлтан, қырғыз құрамасы Токиода көптен күткен Олимпиада жүлделерін алып жатыр. Бұл жетістікті кездейсоқ деп айтуға бола ма әлде жүлде алуы тиіс спортшылар үмітті ақтады ма?

- Біздің спортшылар Олипиада ойындарында өте жақсы өнер көрсетіп жатыр. Бүкіл ел болып Олимпиада жүлделерін 13 жыл күттік. Соңғы рет 2008 жылы Бейжіңде грек-рим күресінде Руслан Түменбаев қола, Қанатбек Алиев күміс медаль еншілеген болатын. Бұл жолы Айсұлу Тыныбекова, Ақжол Махмұдовтар чемпион атанатын мүмкіндіктері болды. Спортшыларымызға сәттілік жолдас болмады деп ойлаймын. Дегенмен қырғыз елі үшін осының өзі үлкен жетістік. Лондон мен Рио төрінен жүлдесіз қайтқанбыз. Сондықтан күншығыс еліндегі төрт жылдықтың басты жарысын Қырғызстан спортының тарихындағы ең жемісті Олимпиадасы деуге болады.

- Білуімше Қырғызстанда күрес түрлеріне көп көңіл бөлінеді екен?

- Грек-рим күресінен әр кездері халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрінетінбіз. Біздің елде күрес түрлеріне көп көңіл бөлінеді. Әр салмақта 2-3 мықты балуан бар. Жастар өсіп келе жатыр. Ақжол Махмұдов небәрі 22 жаста. 60 келіде белдескен Жоламан Шаршенбеков те 21 жаста. Жалпы алғанда грек-рим күресінде бәсекелестік жоғары. Сондай-ақ, әйелдер күресі де жақсы жолға қойылған. Ұлттық құрама бас бапкері Нұрбек Изабековтың еңбегі орасан. Изабековтың басшылығымен бірге Айсұлу Тыныбекова Лондон Олимпиадасына қатысқан. Содан бері күні бүгінге дейін бірге жұмыс істеп келеді. Күрес түрлерінің арасында дзюдо спортына да ерекше мән беріледі. Бұл жолы тек бір татами шебері барып жүлдесіз қайтты. Бірақ Қырғызстанда жапонның ұлттық спортымен айналысушылар саны көп.

- Қазақ пен қырғыз спортшыларында бәсекелестік бар деп ойлайсыз ба?

- Жалпы қазақ пен қырғыз спортшылары арасында бәсекелестік бар деп ойлаймын. Қай түрі болмасын әр спортшы өз елінің намысын қорғайды. Сондықтан бәсекелестіктің болғаны дұрыс. Бұл спортшының тәжірибе алмасып, өсуі үшін де қажет. 

- Қырғыз көрермендері Қазақстан спорты жайлы не біледі?

- Қазақстан спортын сырттай қадағалаймыз. Қазір иентернеттен барлық жаңалықтарды лезде алып отыратын заман болғандықтан, хабарымыз бар. Сіздің елдің спортшылары әр Олимпиада сайын алтынсыз қайтпайтын. Түрлі медальдарды үйіп алатынсыздар. Алайда Токиода әзірге қуантатындай нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Мүмкін бұл уақытша құбылыс шығар. 2024 жылы Париж ойындарында Қазақстан командасы жоғары деңгейде өнер көрсетеді деп ойлаймын. Одан бөлек, Қырғызстанның мақтанышы Гүлжігіт Алықұлов "Қайрат" клубында доп тебетіндіктен, қазақ футболын да қадағалаймыз.   

Еске салайық, Қырғызстан құрамасының сапында әйелдер күресінде Мейірім Жұманазарова қола, Айсұлу Тыныбекова күміс және грек-рим күресінде Ақжол Махмұдов турнирдің екінші орнын иеленді.

Метки:
Показать комментарии
Жаңалықтар