Олимпиада
Бүгін 19:10
 

Афинада 2026 жылғы Олимпиаданың алауы жағылды

  Пікірлер

blog.share

Афинада 2026 жылғы Олимпиаданың алауы жағылды ©ХОК

Грекияның Афина қаласында 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының алауын жағу рәсімі өтті. Жарыс биыл Сенегалдың Дакар қаласында өтеді.

blog.share

Грекияның Афина қаласында 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының алауын жағу рәсімі өтті. Жарыс биыл Сенегалдың Дакар қаласында өтеді.

Салтанатты шара тарихи «Панатинаикос» стадионында ұйымдастырылды. Олимпиада дәстүріне сай алау күн сәулесінің көмегімен жағылып, кейін Дакар ойындарын ұйымдастыру комитетінің өкілдеріне табысталды.

Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Кирсти Ковентри алдағы жасөспірімдер Олимпиадасының тарихи маңызына тоқталды.

"Жақын арада Сенегалда әлемнің түкпір-түкпірінен жас спортшылар бас қосады. Бұл - Африка құрлығында өтетін алғашқы Олимпиада. Сенегал мен бүкіл Африка үшін бұл - мақтан тұтарлық сәт. Сондай-ақ Олимпиада қозғалысының тарихында жаңа әрі маңызды кезең басталады", - деді Кирсти Ковентри.

Рәсімнен кейін алау Сенегалға жол тартты. Оның Дакарға жеткізілуі 12 қыркүйекке жоспарланған. Ұшу кезінде алау арнайы шамның ішінде Олимпиада алауын күзетушілердің бақылауында сақталады.

14 қыркүйек пен 30 қазан аралығында Сенегал аумағында «Pass the Energy» («Қуатыңмен бөліс») ұранымен алау эстафетасы өтеді. Эстафета бағыты елдің барлық 14 өңірін қамтып, 30-дан астам кезеңнен тұрады. Оған жас спортшылар, мектеп оқушылары, мәдениет өкілдері мен жергілікті қауымдастық мүшелерін қоса алғанда, жүздеген адам қатысады.

Эстафета аяқталғаннан кейін алау Дакарға қайта жеткізіледі. 31 қазанда Диамниадиодағы Абдулай Вад атындағы стадионда өтетін ашылу салтанаты кезінде жасөспірімдер Олимпиадасының қазаны жағылады. Кейін алау Corniche West жағалауына жеткізіліп, жарыс аяқталғанға дейін сонда сақталады.

Еске сала кетейік, Дакар-2026 жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Жарыстар Дакар, Диамниадио және Сали қалаларындағы үш кластерде ұйымдастырылады. Ойындарға әлемнің әр елінен шамамен 2700 жас спортшы қатысып, 25 спорт түрінен бақ сынайды.

Айта кетейік, Дакар-2026 - жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының төртіншісі. Сонымен қатар бұл - Африка құрлығында өтетін тарихтағы алғашқы Олимпиада ойындары.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жарнама

Живи спортом!