Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Абылайхан Жүсіпов Olympic.kz тілшісіне сұхбат беріп, Токио Олимпиадасындағы қазақстандық спортшылардың алтынсыз қалғанына өкінетінін жеткізді. Спортшының айтуынша, боксшылардың барлығы да Олимпиадаға үлкен дайындықпен барған.
"Қазақстан құрамасы тәуелсіздік жылдарынан бері алғаш рет жазғы Олимпиададан алтын жүлде алмады. Бұл жағдай маған ауыр тиді. Өйткені, боксшыларымыз әр Олимпиададан алтынсыз қайтпайтын. Токиода бізге мұндай бақыт бұйырмапты. Бәріміз де еліміздің көк туын желбіретеміз деп бардық. Бірақ команданың басым бөлігі сәтсіздікке ұшырады.
Әлеуметтік желі арқылы спортшыларға өкпелеп жатқан жанкүйер көп. Бізге тақым қысқан жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Үміттеріңізді ақтай алмадық. Жеке өзім алтын аламын, жеңіске жетемін деп барған едім.
Көпшілігі боксшылардың көзінде от жоқ деп айыптап жатыр. Шамадан тыс жаттығу жасады деп сөгіп жатқандар да бар. Бұл пікірлермен келіспеймін. Өз басым Олимпиадаға нағыз бабымызда бардық деп айта аламын. Бапкерлеріміз де қолдан келгенін аяған жоқ.
Алтын болмаған соң, жанкүйердің еңсесі түскені рас. Осы жағдай үшін тағы да кешірім сұраймын", - деді Жүсіпов.