Олимпиада
30 шілде 2021 16:38

"Әбілхан мен қарсыласының әлеуеттері бірдей". Бапкер Нұрлан Ақүрпеков шәкіртіне баға берді

Сурет: olympic.kz, Жеңіс Ысқабай ©

Бокстан Қазақстан құрамасының өкілі, 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Әбілхан Аманқұл Токио төріндегі алғашқы сыннан сүрінбей өтіп, келесі кезеңге жолдама алды. Өзбек боксшысына қарсы болған кездесу мен спортшының алдағы қарсыласы туралы Әбілханның жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков пікір білдірді, деп хабарлайды Olympic.kz сайты. 

"Бірінші раундта біраз соққы жіберіп алды. Шыны керек, бұлай төтеп береді деп ойламадым. Екеуі де мықты спортшылар. Жаттығу кезінде де, ресми жарыстарда да Әбілхан мен Фанат жиі кездесіп жүр. Олимпиадаға өзбекстандық боксшы үлкен дайындықпен келген. Тактикасының да дұрыс екені көрініп тұр.

Байқағанымыздай, бірінші раундта жеңіске жеткен спортшылардың көпшілігі келесі кезеңге өтіп жатыр. Өзбек бапкерлері де соны ескерсе керек. Әрине, біз де бірінші раундтан бастап тізгінді қолға алу керегін тапсырдық. Бірақ Әбілхан шыға салып, екі-үш соққы жіберіп алды. 

Біздің тактикамыз жемісін берді. Қарсыласты шаршатып алып, жоспарымызды жүзеге асыруды ойлаған едік. Солай болды да. Әбілхан намысқа тырысты. 

Оның үстіне, командалас жігіттердің сәтсіздікке ұшырағаны да психологиялық тұрғыдан қиындау соқты. Енді Әбілхан жеңіспен жол ашты, әрі қарай да жалғасады деп ойлаймын.

Келесі қарсыласымыз да өзбекстандық боксшымен бір деңгейде. Әбілхан мен бразилиялық боксшының әлеуеттері бірдей. Орта қашықтықты сақтап, өз жекпе-жегімізді үдетуіміз керек", - деді Нұрлан Ақүрпеков.  

Естеріңізге сала кетейік, Әбілхан Аманқұл Олимпиададағы бірінші жекпе-жегінде өзбекстандық қарсыласы Фанат Кахрамоновты екінші раундта нокдаунға жіберіп, кездесу қорытындысы бойынша жеңіске жеткен болатын. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport