Сборные
9 желтоқсан 2020 19:09

Михал Билек футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті

Сурет: ҚФФ

Михал Билек пен Қазақстан футбол федерациясы бір жақты келісім бойынша шартнаманы бұзды. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне ҚФФ Ұлттық құрамалар департаментінің директоры Қайрат Нұрдәулетов айтып берді.

Ол сонымен қатар неге Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында сәтсіз ойнағанын және чехиялық маманның орнын кім басатынын және Қазақстан жастар құрамасының бапкерлер қосынында қандай өзгерістер болатынын айтты. 

- Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкеріне қатысты толығырақ ақпарат айтып бере аласыз ба? Михал Билек қызметінен кетті ме? Оның орнына кім келеді? Қазақстандық маман ба, әлде шетелдік бапкер ме?

- Михал Билек туралы сұраққа нүкте қоя беруге болады. Екі жақ келісіп, шартнаманы бұзды. Михал Қазақстаннан кетіп қалды. Федерацияға ешқандай өкпесі жоқ. Жаңа бапкер іздестіріп жатырмыз. Жаңа жылға дейін анықталып қалатын шығар. Шетелдік мамандар да, қазақстандық мамандардың да кандидатурасы қарастылып жатыр. Дегенмен нақты фамилияны сіздерге айта алмаймын. 

- ҚФФ басшылары Михал Билектің жұмысына қандай баға беріп отыр?

- Билектің бас бапкер ретіндегі бірінші жылы салыстырмалы түрде сәтті болды. Команда сапалы футбол көрсетті. Ал биыл Ұлттар лигасындағы көрсеткіштер өте нашар. 

Біздің командалардың еурододалардан шығып қалғанын да ескеруіміз керек. Футболшылардың дайындығы да дұрыс болмады. Ойыншылардың әрқайсысы әртүрлі физикалық дайындықпен келді. 

Өкінішке қарай, пандемия көп нәрсеге кедергі болды. Соның ішінде Билектің де ұлттық құрамамен дұрыс жұмыс істеуіне кедергісін келтірді. 

- Енді әңгімемізді жастар құрамасына аударсақ. Алмас Құлшынбаев қызметінде қала ма? 

- Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері туралы біз әлі ақылдасып жатырмыз. Бірақ федерация басшылары құраманың іріктеу ойындарындағы нәтижесіне көңілі толмайды. Алмас Жақанұлын да түсінуге болады. Ол да біраз қиындықтарға тап болды. Бірақ бәрібір нәтиже ойдағыдай емес. 

Еске салайық, Михал Билектің бастамасымен Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында өз тобында соңғы орын алып, енді D лигасына түсіп қалудың алдында тұр. 

Ал Қазақстан жастар құрамасы Еуро 2021 турнирінің іріктеуінде өз тобында он ұпай жинап, төртінші орын алды.