Бірде-бір дәл соққы жасамады. Қазақстан Солтүстік Македония құрамасынан ойсырай жеңілді

Сурет: ҚФФ

Футболдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Солтүстік Македониядан ірі есеппен ұтылды, деп жазады Vesti.kz тілшісі. Скопье қаласында өткен ойын 4:0 есебімен алаң қожайындарының пайдасына аяқталды. 

Кездесудің 35 минутда Абзал Бейсебеков айып алаңының ішінде Элиф Элмасқа қарсы ереже бұзды. Төреші бірден пенальти белгіледі. Оны Эгзиян Алиоски сәтті орындап, Македония құрамасын 1:0 есебімен алға шығарды. 

Ал үзіліске аз уақыт қалғанда Серікжан Мұжықов қарсылас команда мүшесіне қарсы дөрекі ойнап, "Тобыл" футболшысы қызыл қағаз алып кетті. 

Екінші таймда Талғат Байсуфинов Стас Покатиловтың орнына Мұхаммеджан Сейсенді шығарды. Сонымен қатар, алаңға Ғафуржан Сүйімбаев пен Роман Муртазаев та шыққан. Алайда бұл ойыншылардың ешқайсы да командаға керемет көмектесе алмады. 

Алаң қожайындары 57 минутта Иван Тричковски, 74 минутта Милан Ристовски, 76 минутта Дарко Чурлинов соққан голдардың арқасында 4:0 есебімен жеңіске жетті. 

Айта кетейік, бұл кездесу барысында Қазақстан қарсыластың қақпасына 7 соққы жасады. Бірақ оның бірде-біреуі дәл ұшпады. Ал қарсылас болса 23 соққы жасап, 11 біздің қақпаға дәл ұшты. 

Енді осы ойыннан кейін біздің құрама елге оралады. Себебі, 7 маусымға жоспарланған Мальта құрамасына қарсы кездесу өтпейтін болды. 

Ал Солтүстік Македония құрамасы Еуро-2020 турнирінде бақ сынайды. Ол С тобында Нидерланды, Украина және Аустрия құрамаларына қарсы кездесу өткізеді. 

 

Метки:
Жаңалықтар