Қазақстандық спортшы Қуат «Найман» Хамитов ресейлік Absolute Championship Akhmat (ACA) ұйымындағы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді. Бұл кездесу ACA 194 турнирі аясында Дубайда (БАӘ) өтті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Оның қарсыласы ресейлік Анатолий Бойко болды. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек сенсациялық нәтижемен аяқталып, Хамитов барлық төрешілердің бірауызды шешімімен (29:28) жеңіске жетті. Айта кетейік, кездесу алдында көптеген сарапшылар жеңісті Бойкоға береді деп болжаған еді.
Бұл — қазақстандық спортшының 2024 жылдың мамыр айынан кейінгі алғашқы жекпе-жегі. Сол кезде ол RCC турнирінде ресейлік Александр Шлеменкодан жеңілген болатын.
Бұған дейін хабарланғандай, жаздың соңында Хамитов ACA ұйымымен келісімшартқа қол қойған. Оның дебюті ACA 192 турнирінде, Алматыда өтуі тиіс еді, алайда жарақатына байланысты жекпе-жек кейінге қалдырылған. Нәтижесінде, кездесу қазан айында Дубайда өтті, бұл жолы сәттілік «Найманның» жағында болды.