Мировой футбол
8 желтоқсан 2020 17:02

Клубтар арасындағы әлем чемпионаты Жапонияда өтетін болды

Сурет: ФИФА
Футболдан 2021 жылғы клубтық әлем чемпионатының жалауы Жапонияда желбірейді. Бұл ақпарат ФИФА-ның ресми сайтында жарияланды.

Келесі жылдың екінші жартысында өтетін айтулы доп додасында әдеттегідей жеті клуб күш сынасады. Ал одан кейін жарыстың форматы өзгереді. Атап айтсақ, төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылатын бәсекеде 24 команда өнер көрсетеді. Оның төртеуі соңғы төрт жылда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын ұтқан ұжымдар. Сондай-ақ, қатысушылар қатары бірқатар елдердің ішкі біріншіліктерінде топ жарған клубтармен толығады. Бұл бәсекелер Қытайда өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Мадридтің «Реалы» клубтық әлем чемпионатының бас жүлдесін ең көп олжалаған команда. Корольдік клуб төрт рет теңдессіз деп танылды. Каталонияның «Барселонасы» үш мәрте қарсылас шақ келтірмесе, екі рет Бразилияның «Коринтинасы» озды. Ал былтыр өткен жарыста Англияның «Ливерпуль» клубы алдына жан салмады.