Футболдан Гана біріншілігінде "Интер Эллис" пен "Ашанти Голд" арасындағы кездесуде қорғаушы Хасмин Муса өз қақпасына әдейі екі гол соқты.
"Интер" футболшысы екі голды матчтің нәтижесін өзгерту үшін жасағанын айтты. Мусаның айтуынша, бұл ойын алдын ала келісілген көрінеді. Қорғаушы екінші таймда ойынға араласып, 12 минутта өз қақпасына екі гол соқты. Сөйтіп бапкер оны қайта алмастырып жіберді.
"Ойынға қосылатын болсам, бәстің быт-шытын шығаратынымды бапкерге ескерттім. Ойыннан кейін командам мені құттықтады. Матчқа дейін мен қонақ үйде біздің командаға қарсы 1:5 есебіне көп бәс тігілгенін естідім. Сол үшін мен бұған кедергі келтіруге бел будым. Себебі, мен мұндай келісілген ойындарға қарсымын", - деп келтіреді қорғаушының сөзін Goal басылымы.
Мусаның мәлімдемесінен кейін Гана футбол федерациясы тергеу жұмыстарын бастады. Ал "Ашанти Голд" командасы бұл іске қатысы жоқ екенін айтып, келіспегенін жеткізді.
Бұл ойын 1:7 есебімен аяқталды. "Интер Эллис" Гана біріншілігінде соңғы орын алып, жоғарғы дивизионнан шығып қалды. "Ашанти" болса тоғызыншы орын алды.