"Тарихи сәтті сөзбен айтып жеткізу қиын". Құрама қақпашысы Иранмен өткен матч жайлы пікір білдірді

©kff.kz

Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында кезекті рет сенсация жасады. Бұл жолы Кака баптайтын жерлестеріміз турнирдің ¼ финалында Иран командасын 3:2 есебімен ұтты. Тарихи жеңістен кейін құрама қақпашыларының бірі Рауан Атантаев Vesti.kz тілшісіне қуанышты сәтімен бөлісті.

- Рауан, кезекті жеңіс құтты болсын! Тарихты жаңартып, Иран ойыншыларын орта жолда тоқтаттыңыздар...

- Құттықтауларыңызға көп рақмет! Жалпы әлем чемпионатындағы әр кездесу – эмоцияға толы өтіп жатыр. Әсіресе Қазақстан мен Иран арасындағы матчты айтуға болады. Парсы командасына қарсы өткен кездесудің бірінші таймында өз деңгейімізді көрсете алмадық. Өте қиын болды. Қақпамызға екі гол өткізіп алдық.

- Бірінші таймнан кейін бапкер не айтты?

- Үзілісте бапкеріміз бізге тек өзімізге сенуімізді сұрады. Барлығы өз қолымызда екендігін баса айтты. Екінші таймда жігіттер бір-біріне жақсы қолдау көрсетті. Мықты мотивациямен шықтық. Паркетке шыққан командаластарым мінез көрсете білді. Нәтижесінде үш гол салдық. Мұндай тарихи сәтті сөзбен айтып жеткізу қиын. Мұны сезіну керексің.

- Жартылай финалда Португалия құрамасына қарсы ойнайсыздар...

- Келесі қарсыласымыз Португалия құрамасы. Пиренейліктер бұрыннан бері Еуропа және әлем чемпионаттарының тұрақты қатысушысы. Плей-офф раундтарына жиі шығып жүрген ұжым. Еуропа чемпионы деген атағы бар. Әр позицияда сапалы ойыншылары бар тәжірибелі команда. Жігіттерге тек сәттілік тілеймін.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы жартылай финалда Португалия құрамасына қарсы ойнайды. Ал Португалия болса ширек финалда Испанияны 4:2 есебімен ұтқан болатын. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар