Нидерланды жерінде өтетін футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионаты жанкүйерсіз өтеді, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Мұндай шешім Еуропа елдерінде коронавирустің омкрон-штаммының кең таралуына байланысты шығарылған. Еуропа біріншілігі тіпті басқа уақытта өтуі де мүмкін.
Бұған дейін Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында Қазақстан футбол федерациясы футзал департаментінің директоры Асқар Әбілдаев турнирге қатысты нақты ақпараттың 10 қаңтар күні шығатынын айтқан еді.
Еске салайық, 2022 жылғы Еуропа чемпионаты 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Нидерландының Амстердам және Гронингем қалаларында өтуі керек. Топтық кезеңде Қазақстан құрамасының қарсыластары Италия, Словения және Финляндия болады.
2016 жылы Қазақстан құрамасы бірінші рет Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңіне қатысып, қола жүлде жеңіп алған еді. 2018 жылы Қазақстан тағы да жартылай финалға барды. Бірақ ол жолы төртінші орынға табан тіреді.
Ал 2021 жылы Пауло Рикардо Кака жаттықтыратын футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында төртінші орын алды.