Қазақстан құрамасы Еуро-2022 турнирін аяқтады

©uefa

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатындағы жарысын аяқтады, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Нидерландыда өтіп жатқан кәрі құрлық турнирінің ширек финалында Рикардо Кака баптайтын жерлестеріміз Украина футзалшыларына есе жіберді.

Бірінші таймның 14-минутында Игита қақпасына пенальти белгіленіп, Петр Шотурма нүктеден мүлт кетпеді. Үзілістен кейін шығыс еуропалықтар тағы екі гол соғып кетті. Украина тарапынан 24-минутта Игорь Корсун есепті еселесе, араға бес минут салып Михаил Зварич бос қақпаға допты дәл тепті.

Кездесудің 33-минутында Дуглас есеп айырмасын қысқарта алды. Тіпті матчтың аяқталуына екі минут қалғанда Біржан Оразов еуродағы кезекті голын салды. Үміт оты қайта жана бастағанда украиналық ойыншылар тағы да ерекшеленді. Бұл ретте Қазақстан құрамасы паркетке қақпашы Игитаның орнына бесінші ойыншыны шығарғанын айта кеткен жөн. Соған қарамастан, кездесу соңына дейін намысқа тырысқан қазақ командасы тағы гол соқты. Төрешінің ысқырығы шалынуына 44 секунд қалғанда Біржан Оразов дубль авторы атанды. Қорытынды есеп 3:5.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатын орта жолда аяқтауына тура келді. Ал жеңіске жеткен Украина құрамасы жартылай финалда Ресей мен Грузия матчінің жеңімпазымен кездеседі.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар