Футзал
Бүгін 09:24

"Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы матчінде 8 гол соғылды

©"Қайрат" АФК

Алматылық "Қайрат" футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы матчында жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz.

Бельгияда өткен 2-топтағы ойында алматылықтар латвиялық ТФК "Бейтар" командасын 5:3 есебімен ұтты.

Бірінші таймнан кейін Густаво Парадеданың шәкірттері 3:0 есебімен алда болды. Азат Уәлиуллин төртінші минутта, ал Кайо Руис жетінші және 20-минуттарда гол соқты.

19-минутта Руис пенальтиді пайдалана алмады. Ал екінші таймның басында, 21-минутта Алмас Иманбеков "Қайраттың" төртінші голын соқты.

Матчтың екінші бөлігінде латвиялық клуб қазақстандықтардың қақпасына үш гол соқты. Дубль авторы атанған команда капитаны Дмитрий Кузьмин 22 және 26-минуттарда мергендік танытса, тағы бір голды қақпашы Максим Троицкис соқты.

Кездесудің соңғы есебін 34-минутта Руис белгіледі.

Бүгін, 29 қазанда, екінші турда алматылықтар румыниялық "Юнайтед Галати" командасымен ойнауы керек еді. Алайда "Қайраттың" қарсыласы негізгі кезеңге қатысудан бас тартып, оған 0:5 есебімен техникалық жеңіліс тіркелді.

Дәл осылай бельгиялық "Спортинг-Андерлехт" пен ТФК "Бейтар" командаларына да румыниялық клубты 5:0 есебімен ұтты деп техникалық жеңіс берілді.

Негізгі кезеңнің қорытындысы бойынша плей-оффқа шығатын 16 команда анықталады. 1/8 және 1/4 финалдарда командалар өзара екі матчтан өткізеді. Ал турнир жеңімпазы дәстүрлі "Төрттік финалында" анықталады. Шешуші кезең 2027 жылғы 7 және 9 мамырда Швейцариядағы "Биль/Бьен Аренада" өтеді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport