"Қайрат" футзал клубы Густаво Параденің команданың бас бапкері қызметіне тағайындалғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Густаво - клуб тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі. 2004-2009 жылдар аралығында ол "Қайраттың" қақпасын қорғап, командамен бірге футзалдан УЕФА кубогының қола жүлдегері атанған.
Соңғы жылдары Параде клуб құрылымында негізгі команда мен академияның спорт директоры қызметін атқарды. Өткен маусымда плей-офф кезеңі қарсаңындағы қиын сәтте команданы тізгіндеп, "Қайратты" Қазақстан чемпионы атағына жеткізді.
Густавомен үш жылдық келісімшарт жасалды.
"АФК "Қайрат" президенті Қайрат Оразбеков:
"Густаво - "Қайраттың" рухын толық бойына сіңірген адам. Ол ұзақ жылдар бойы клубтың бір бөлігі болды — әрі ойыншы, әрі маман ретінде. Оның бойында нағыз қайраттық мінез бен жеңімпаз рухы бар.
Өткен маусымда ол команданы өте қиын сәтте қабылдап алып, чемпиондыққа жеткізді. Біз оған толық сенім артамыз және клубтың болашағын сонымен байланыстырамыз", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін команданы бразилиялық Даниэль Жуниор жаттықтырған еді. Тараптар өзара келісім және маманның отбасылық жағдайына байланысты келісімшартты бұзған болатын.
Жарнама