"Қайрат" футзал клубы Троицкіде өтіп жатқан Еременко кубогының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Vesti.kz порталы.
Бразилиялық маман Какау жаттықтыратын қазақстандық клуб Беларусь елінің "Столица" клубын 4:0 есебімен ұтты. Бірінші ойында «Қайрат» Ресейдің «Дина» командасынан 4:2 есебімен басым түскен еді.
Бүгін "Столицаны" 4:0 есебімен жеңуінің нәтижесінде жартылай финалға шықты. Команда сапында Хоссейн Тайеби мен Пауло Энрике Кабреуба-Зонардо бір-бір голдан соқса, Михаил Першин дубль жасады.
"Қайраттың" жартылай финалдағы қарсыласы әзірге белгісіз. Айта кетейік, "Қайрат" Еременко кубогында екі рет жеңімпаз атанған. 2014 және 2016 жылдары жеңіс тұғырынан көрінген болатын.