Футзалдан Қазақстан құрамасы В тобының көшін бастады, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Нидерландының Гронинген қаласында өткен Финляндия мен Қазақстан арасындағы матчта Кака баптайтын жігіттер айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп 2:6.
Алайда бірінші таймда 1:1 есебі тіркелді. Оның өзінде "суоми" құрамасы бірінші болып ерекшеленді. Үзіліске дейін Біржан Оразов таблодағы есепті теңестіре алды.
Екінші таймда фин ойыншылары тағы да Игита қақпасының саңылауын тапты. Артынша жерлестеріміз қатарынан бес гол салды. Қазақстан құрамасының сапында Біржан Оразов (18, 32-минут), Игита (25), Арнольд Кнауб (29, 34), Азат Валиуллин (38) гол салса, финндер тарапынан Миика Хосио (12-минут) мен Яни Корпела (23) көзге түсті.
Осылайша, кәрі құрлық додасында екі ойын өткізген қазақ құрамасы 4 ұпай еншілеп жеке-дара көш бастады. 2 ұпайдан жинаған Италия мен Словения 2-3 орындарға жайғасты. Ал 1 балл жинаған Финляндия командасы соңғы орында тұр.
Енді Рикардо Кака шәкірттері топтағы келесі кездесуін қаңтар айының 28 жұлдызы Италия ойыншыларына қарсы өткізеді.