"Игитаның артықшылығын пайдаланып...". Белгілі маман Португалиямен бүгінгі матч туралы
Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы Литвада өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында Португалия командасымен кездеседі. Жауапты матч алдында құраманың бірнеше жыл бойы көшбасшысы болған Дінмұхамбет Сүлейменов Vesti.kz тілшісімен сұхбаттасып, командаға сәттілік тіледі.
Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы Литвада өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында Португалия командасымен кездеседі. Жауапты матч алдында құраманың бірнеше жыл бойы көшбасшысы болған Дінмұхамбет Сүлейменов Vesti.kz тілшісімен сұхбаттасып, командаға сәттілік тіледі.
- Дінмұхамбет аға, футзалдан Қазақстан құрамасының ойындарына бағаңызды берсеңіз...
- Қазақстан құрамасы расымен де сенсация жасады. Өте жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Иранмен өткен матчтың екі таймы екі түрлі болып шықты. Бірінші таймда екі қателіктің салдарынан екі гол өткізіп алдық. Сонымен қоса, жігіттер гол сала алмады. Кездесудің екінші бөлігінде мүмкіндіктерін тамаша пайдаланды. Құраманың әр ойыншысы – біз үшін батыр. Жігіттерді қолдауымыз керек. Сонымен бірге, бапкердің де үлесі зор. Кака бапкерден байқағаным, жастарға көп көңіл бөледі. Ұлттық құрама матчтарына да, "Қайраттың" ойындарына да жас футзалшыларды паркетке шығарып олардың ашылуына мүмкіндік береді. Оларға сенім артады. Соның арқасында біздің жігіттер үлкен спортшы ретінде қалыптасып келеді.
- Бүгін Португалия құрамасымен финалға жолдама берілетін матч...
- Португалия командасына қарсы кездесуде қателік жібермеу керек. Әлем чемпионатының жартылай финалында сәл қателессең, Португалия секілді ұжымдар аямайды. Сондықтан жігіттерге бапкердің айтқан нұсқауын ойын соңына дейін орындап шығу керек. Маған Қазақстан мен Тайланд арасындағы матч ұнады. Сол ойында біздің жігіттер керемет мотивациямен доп тепті. Айқын басымдықпен ұтып жатса да ойын соңына дейін қателік жібермеуге тырысты. Міне, сондай жауапкершілікпен ойнаса пиренейліктерге қиын болады. Бапкер бұл матчта керемет тактика қояды деп ойлаймын. Менің ойымша, аталмыш кездесуде қақпашы Игита бесінші ойыншы ретінде өнер көрсетуі керек. Игита аяқпен де жақсы, пасты да түзу береді. Сондықтан Игитаның артықшылығын пайдалану керек.
- Қазір құрамадағы ойыншылармен хабарласып тұрасыз ба?
- Әрине құрама жігіттерімен байланыстамын. Әр матч сайын Серік Жаманқұлов екеуміз ойыншыларға ақыл-кеңестерімізді айтып тұрамыз. Ағалық ақылымызды аямаймыз. Жігіттерге бүгінгі ойында сәттілік тілеймін.
Еске салайық, бүгін Қазақстан мен Португалия арасындағы ойынды 23.00 Qazsport телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар. Жеңімпаз финалда Аргентинамен өзара мықтыны анықтайды.
Жарнама