Футзалдан Қазақстан құрамасы Нидерландыдағы Еуро-2022 турнирінің ширек финалына жолдама алды. Жерлестеріміз топтық кезеңдегі үшінші ойынды Италиямен өткізіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Құрама сапында Біржан Оразов (6, 31-минут), Азат Валиуллин (9), Дуглас Жуниор (38) ерекшеленсе, Италия тарапынан Дуглас Николоди (13) гол соқты.
"Италия құрамасы әлемдегі ең мықты ұжымдардың бірі. Кезінде Еуропа чемпионатын ұтқан. Топтық кезеңдегі барлық ойын оңай болмады. Солардың арасында италиялықтар да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ал Қазақстан командасы топтық кезеңдегі жоспарын тамаша орындады. Нәтижесінде біз бірінші орын иеленіп отырмыз. Словения мен Финляндия құрамаларының ойыны біздің матчпен (Қазақстан - Италия) қатар өтті. Ол жақта ешкім күтпеген нәтиже болды. Финляндия командасы сенсация жасады. Жалпы плей-офф раундына бағы мен бабы қатар келіп тұрған ұжымдар жолдама алды деп есептеймін", - дейді құрама қақпашысы Рауан Атантаев Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Еске салайық, В тобында 7 ұпай еншілеген Қазақстан құрамасы А тобында екінші орын иеленген Украина футзалшыларымен кездеседі. Ширек финал матчы қаңтар айының 31 күні өтеді.