"Бразилия футзалшыларын біраз әбігерге түсірді". Серік Жаманқұлов әлем чемпионатында ойнаған Қазақстан құрамасы жайлы

©uefa

Футзалдан Литвада өткен әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы төртінші орын алды. Бұрын-соңды аталмыш турнирде жоғары нәтиже тіркемеген команда үшін осының өзі үлкен жетістік болды. Vesti.kz тілшісімен әңгімелескен құраманың экс-ойыншысы Серік Жаманқұлов Кака шәкірттеріне жоғары бағасын берді.  

- Серік аға, қола медаль үшін өткен матчқа бағаңызды берсеңіз...

- Біздің жігіттер бірінші таймда әдемі гол соқты. Өте сауатты ойын өрнегін көрсетті. Бірақ өз қақпамызға гол өткізіп алған соң сәл де болса көңіл-күйге әсер етті. Ойын соңына қарай жерлестеріміз физикалық тұрғыда көп күш жұмсады. Сонау Бразилия футзалшыларын біраз әбігерге түсірді.

- Топтық кезеңде біздің команда сүреңсіз ойнады деуге негіз бар ма?

- Топтық кезеңде Қазақстан құрамасының қарсыластары соншалықты мықты болған жоқ. Сәйкесінше жақсы деңгей көрсете алмады. Тек плей-оффтан бастап команда ойыншылары турнирдің маңыздылығын сезініп, барынша жинақы болды. Ойындары керемет болды. Сырттай қарағана әдемі көрінеді екен.

- Жартылай финалда Португалияны ұтқанымызда кем дегенде қоржында күміс болар еді. Тек пенальти сериясында жолымыз болмады...

- Пенальти дегеніміз мен үшін лотерея. Оған да дайындалу керек. Ол маңызды факторлардың бірі. Алайда кейде қақпашы да күтпеген жерден сейв жасап жатады. Сол үшін пенальтиді лотерея деп айтқым келеді. Өкінішке қарай бұл жолы пиренейліктердің жолы болды.

- Әлем чемпионатында осындай жоғары нәтижеден кейін алдағы жарыстардан жүлде күтуге болатын шығар?

- Әрине, осындай нәтижеден кейін алдағы әлем чемпионаттар мен Еуропа біріншіліктерінде тек жүлде күтеміз. Себебі адам жақсыға тез үйренеді. Ұлттық құраманың алдында әр турнирден медаль күтпесек, жетістік болмайды. Оның үстіне ойыншылар да жүлдеге таласа алатындарына көздері жетіп отыр. Алдағы уақытта еліміздің басты командасына тек жеңіс тілеймін. Әлем чемпионатында барша қазақстандық жанкүйерге керемет эмоция сыйлаған құрама жігіттеріне алғыс айтамын.  

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар