Алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда хайфалық "Маккаби" командасымен тең түсті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
"Самми Офер" стадионында өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды.
Кездесудегі есепті алаң қожайындары ашты. 45-минутта Омер Ацили екі ойыншыны алдап өтіп, Стас Покатилов қорғаған қақпаға гол соқты. Ал "Қайрат" есепті екінші таймда теңестірді. 76-минутта Небойша Косович асырған бұрыштама добына Нұралы Әліп бірінші жетіп, көзге түсті.
Осылайша бұл командалар бірінші ойында тең тарқасты. Енді жауапты кездесу 14 шілде күні Алматыда өтеді.