Лига чемпионов
19 тамыз 2020 17:38

"Астана" еурокубок ойындарында бірінші рет Беларусь командасынан өте алмады

Сурет "Динамо-Брес" сайтынан алынды.
"Астана" Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде беларуссиялық "Динамо-Брест" командасынан жеңіліп, турнирден шығып қалды. 

Брест қаласында өткен кездесу 6:3 есебімен алаң қожайындарының пайдасына аяқталды. "Динамо-Брест" сапында Михаил Гордейчук (15-ші және 22-ші минут) пен Абдулайе Диалло (55-ші, 90-ші минут) дубль авторы атанса, Кирилл Печенин (17-ші), Павел Седько (37-ші) бір голдан соқты. "Астана" сапында Марин Томасов (45-ші), Дорин Ротариу (52-ші) және Абзал Бейсебеков (87-ші минут) бір-бір голдан соқты. 

Sputnik басылымының жазуынша, "Астана" еурокубок ойындарында бірінші рет беларуссиялық командадан өте алмай қалды. Бұған дейін елордалық ұжым екі рет БАТЭ командасын турнирден шығарып жіберген. 

Енді Михал Билектің командасы Еуропа лигасының екінші іріктеу турнирінде ойнайды. Елордалық команданың қарсыласы 31 тамыз күні анықталады. Ал ойын 17 қыркүйек күні өтеді.