Негізі 2020/2021 жылғы маусымның шымылдығы 2 қыркүйекте түрілуге тиіс. Регламентке сай турнирдің басталуына 45 күн қалғанда жарыстың күнтізбесі жариялануы керек еді. Алайда ҚХЛ-да күш сынасып жүрген кейбір шетелдік клубтарға әлі виза берілген жоқ. Солардың қатарында Нұр-Сұлтанның "Барысы" да бар. Қазақстандықтардан бөлек, Риганың "Динамосы", Финляндияның "Йокериті" және Қытайдың "Куньлунь Ред Стар" клубтары да дәл сондай жағдайға душар болып отыр.
Қазіргі кезде ҚХЛ-дың басшылығы осы мәселені қалай оңтайлы шешеміз деп бас қатырып әлек. Ал онсыз күнтізбе жасау мүмкін емес. Жоғарыдағы келеңсіз жағдай айтулы хоккей лигасының беделіне елеулі нұқсан келтіріп отыр. Әрине, ҚХЛ додасын шетелдік командаларсыз-ақ өткізуге болады. Алайда одан айтулы жарыстың деңгейі едәуір төмендеп, жанкүйерлердің қызығушылығы күрт кемитіні анық.