Зайнутдиновтың агенті ойыншының Италия чемпионатына ауысатыны жайлы ақпаратқа пікір білдірді

Бахтиер Зайнутдинов. Сурет ЦСКА сайтынан алынды.

Мәскеулік ЦСКА командасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдиновтің агенті Евгений Новиков футболшының италиялық "Аталанта" командасына ауысу туралы жаңалыққа байланысты пікір білдірді. 

Бұған дейін Vesti.kz сайты Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы "Аталанта" командасымен бес жылдық келісімшарт жасағаны туралы жазған болатын. 22 жастағы футболшы биылғы маусымды ЦСКА сапында аяқтап, кейін Италияға баратыны туралы айтылған еді. 

"Бұл бірінші сәуірге арналған қалжың. Басқа айтарым жоқ", - деді Новиков "Чемпионат" басылымына берген пікірінде. 

Еске салайық, Зайнутдинов ЦСКА сапына 2020 жылы тамызда ауысты. Мәскеулік команда ойыншыны "Ростовтан" екі миллион еуроға  сатып алды. 

Оған дейін жартылай қорғаушы "Астана" сапында өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды. Кейін оны ресейлік команда сатып алды. 2018 жылдан бері Зайнутдинов Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетеді. 

Transfermarkt басылымы оны 3,5 миллион еуроға бағалап отыр. 

 

Метки:
Жаңалықтар