ҚПЛ
21 шілде 2021 16:09

"Тобыл" Тошичтің жалақысы мен Сергеевтің трансферіне қатысты мәлімдеме жасады

Сурет "Тобыл" сайтынан алынды.

Қостанайлық "Тобыл" Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Игорь Сергеевтің трансфері мен хорватиялық жартылай қорғаушы Зоран Тошичтің жалақысына қатысты ресми мәлімдеме жасады. 

Еске салайық, бұған дейін дейін Сергеевті "Тобыл" 70 мың еуроға сатып алғаны айтылса, Тошич айына 100 мың доллар (50 миллион теңге) алады деп жазылған болатын. 

"Соңғы күндері БАҚ-да, "Тобылдың" Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Игорь Сергеевті қомақты қаржыға сатып алғаны туралы ақпарат шықты. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми хабарлаймыз. Клуб ойыншыны екі есе аз бағаға сатып алды. Бұған қоса қаржы бірнеше кезеңге бөліп төленеді.

Сондай-ақ, баспасөз бетінде "Тобыл" командасының жартылай қорғаушысы Зоран Тошичтің жалақысы туралы да ақпарат жарияланды. Аталмыш ақпаратты теріске шығарамыз, футболшының айлық табысы БАҚ-та көрсетілген сомадан 5 есе аз. Ал келісімшарт 6,5 айға шақталған.

Қазіргі уақытта клуб бюджеті шектеулі, сол себепті қымбат ойыншыларды сатып алудың реті жоқ. 

Құрметті жанкүйер! Ресми ақпарат көздеріндегі (клуб сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары) жаңалықтарды оқыңыз, өсек-аяңға сенбеңіздер!", - делінген клуб таратқан ақпаратта.