"Қайрат" футбол клубы 33 жастағы белоруссиялық маман Алексей Шпилевскийдің бас бапкер қызметінен кететіні туралы хабарлады.
"Біздің клубта 2,5 жыл бойы жұмыс істеген Алексей Шпилевский бас бапкер қызметінен кетеді.
Келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін "Қайрат" Алексейдің келесі командасы - "Эрцгебирге" клубынан өтемақы алады.
Осыған орай, осы маусымда "Қайрат-Жастар" командасын баптаған қазақстандық маман Кирилл Кекер "Қайрат" ФК бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Өз кезегінде жастар командасын Академия жаттықтырушысы Кирилл Морунов тізгіндейді.
"Қайрат" ФК Алексей Николайұлы Шпилевскийге клубпен бірге жасаған жұмысы мен қол жеткізген табыстары үшін алғыс білдіреді", - деп жазады алматылық клубтың баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Алексей Шпилевский "Қайратпен" 2019 жылғы маусым басталар алдында 3 жылдық келісім-шартқа отырған болатын. Белоруссиялық маманның басшылығымен алматылық клуб өткен маусымда ел чемпионы атанды және 2019 жылғы маусымда күміс медальді қанжығасына байлады.