"Ордабасы" футболшылары бас бапкердің көмекшісімен төбелесіп қалды

Сурет "Ордабасы" сайтынан алынды.

Шымкенттік "Ордабасы" клубының футболшылары Қазақстан біріншілігінің соңғы тур ойынынан соң бас бапкердің көмекшісімен төбелесіп қалды,- деп хабарлайды Айдын Қожахмет телеграм каналында. 

"Оқжетпес" командасымен өткен ойыннан кейін "Ордабасы" футболшылары Кахабер Цхададзенің көмекшісімен төбелесті. Төбелестің себебі әлі белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, Чихрадзе ойынның аяқталуына бірнеше минут қалғанда қосалқы құрамдағы ойыншылардың бірінің дайындалып, киім ауыстыруын сұраған. Футболшы тапсырманы орындап, бас бапкерге келген. Бапкер осы кезде ойыншының неге келгенін түсінбей, ашулана бастаған. Содан соң футболшы қайта трибунаға оралған. 

Матч соңында футболшы Чихридзенің қолын алудан бас тартқан. Басқа футболшылар да бас бапкердің дөрекілігіне наразы болыпты. Осы кезде жанжал басталып кеткен. Абырой болғанда команда жетекшілер сол жерде болып, төбелесіп жатқандарды ажыратып алған. 

Негізі шымкенттік команда ішіндегі атмосфераның нашар екені бұған дейін де айтылып жүрген. Барлық футболшы бапкердің дөрекілігіне наразы. Оған мына факт дәлел бола алады: ойын аяқталған күні кешке команда тұрақтаған қонақүйдің ресторанында бапкермен қоштасатын кешкі ас ұйымдастырылған. Бірақ ол жиынға футболшылардың ешқайсысы келмеген", - деп жазады Қожахмет. 

Айта кетейік, "Ордабасы" биылғы маусымды бесінші орында аяқтады. Ал 52 жастағы Цхададзе клубта 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оған дейін грузин маманы алматылық "Қайратты" жаттықтырған. 
 

Метки:
Жаңалықтар