Максим Жалмағамбетов пен Антон Чичулин "Астана" клубында жаңа қызметке тағайындалды

Сурет "Астана" сайтынан алынды.
Қазақстан құрамасының бұрынғы екі футболшысы, елордалық футбол мектебінің тәрбиеленушілері Максим Жалмағамбетов пен Антон Чичулин "Астана" футбол орталығындағы жұмыстарын бастады.

Максим Жалмағамбетов бірқатар қазақстандық клубтарда өнер көрсеткен, оның ішінде "Жеңіс" және "Астана" клубтары бар. Сондай-ақ, Жалмағамбетовтің Бельгия Чемпионатында "Антверпен" клубы үшін ойнаған тәжірбиесі де бар. Қазақстан құрамасының қатарында 30 матч өткізіп, 1 голмен көзге түсті. Қазақстанның чемпионы, сондай-ақ Қазақстан Кубогінің және Суперкубогінің иегері.

Антон Чичулин "Жеңіс", "Евразия" командалары үшін 140-тан аса матчқа қатысты. Бұдан бөлек "Ақтөбе", "Ертіс", "Атырау", "Шахтер", "Оқжетпес" және түріктің "Гиресунспор" командаларында өнер көрсеткен. Қазақстан ұлттық құрамасында 24 матч өткізіп, 1 гол соққан. Қазақстанның екі дүркін чемпионы, сондай-ақ Қазақстан Кубогінің және Суперкубогінің иегері. Антон Борисович 2006 жылы туған бір топ жас футболшылармен, ал Максим Нұрланұлы бір жас үлкен футболшылармен жұмыс істейтін болады.

Футбол орталығына тағы үш маман қосылды. Қуаныш Әбдуәлиев футбол орталығын дамытудың жаңа бағдарламасына сәйкес жас спортшылардың ментальді дайындығына жауапты болмақ. Әбдуәлиевтің кәсіби футболда ойнаған тәжірибесі бар, сондай-ақ "Астана" тәрбиеленушілерімен екі жыл жұмыс істей отырып, коучингпен жемісті түрде айналысып келеді.

Валишер Рашид С санатының иесі, бұған дейін жеке меншік футбол мектептерінде жұмыс істеп, басты назарды жасөспірім голкиперлерге аударған. Футбол орталығында да осы бағытта жұмыс істеуді жалғастырады.

Аслан Омарбековтің Өскемен БЖСМ-де, "Каспий" футбол орталығында, "Мақтаарал" командасында (Бірінші Лига) жинаған жұмыс тәжірбиесі мол. Футбол орталығында Омарбеков 2009 жылы туған жасөспірімдер командасымен жұмыс істейтін болады.
Метки:
Жаңалықтар