Қуат өнер көрсететін Ресейлік команданың бас бапкері ауысты

Сурет "Химки" командасының сайтынан алынды.
"Химки" футбол клубы ресми сайтында команданың бас бапкері Дмитрий Гуньконың қызметінен кеткенін хабарлады. Клуб бас бапкермен келісімшартты екі жақты келісім бойынша бұзған. 

Команданың бас бапкері қызметін уақытша Игорь Ющенко атқарады. Дәл осы бапкердің бастамасымен команда 28 қыркүйек күні "Динамо" клубына қарсы кездесуге дайындық жұмыстарын өткізіп жатыр. 

Сондай-ақ, мәскеулік ұжымнан команданың спорт директоры Сергей Егоров та кетіпті. Бұл маманмен де клуб келісімшартты екі жақты келісім бойынша үзген. 

Осы мамандар "Химки" сапына Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуатты шақырған болатын. Ресей біріншілігінің биылғы маусымында отандасымыз бұл команда сапында екі ойынға қатысып үлгерді. 

Ал "Чемпионат" басылымының ақпараты бойынша, "Химки" командасының жаңа бас бапкері Игорь Черевченко болады. Тулалық "Арсенал" командасының бұрынғы бапкерін мәскеулік клуб футболшыларына 22 қыркүйек күні таныстырады. 

Айта кетейік, "Химки" командасы Ресей біріншілігінде сегіз турдан кейін 3 ұпай жинап, турнир кестесінде 15-орында келеді.






Метки:
Жаңалықтар