Қуат "Динамо" сапында Қазақстан құрамасында ойнаған футболшының ұлының орнын басуы мүмкін

Сурет "Орынбор" клубының сайтынан алынды

Ресей құрамасы мен "Динамо" клубының жартылай қорғаушысы Роман Нойштедтер түркиялық "Истанбул" клубына ауысуы мүмкін. Оның орнына мәскеулік клуб Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуатты шақыруға ниетті. 

Түркиялық БАҚ мәліметі бойынша, Нойштедтер Ыстамбулға келіп, карьерасын түркиялық клубта жалғастыруға дайын. Өйткені ол жақта футболшының отбасы тұрады. Ресей құрамасында ойнайтын футболшының "Динамо" клубымен келісімшарты аяқталған. Айта кетейік, 32 жастағы жартылай қорғаушы Қазақстан құрамасының бұрынғы футболшысы, "Қайрат" клубының бұрынғы спорт директоры Петр Нойштедтердің ұлы. 

Тәжірибелі футболшының орнына мәскеулік клуб Исламбек Қуатты шақырғысы келіп отыр. Дәл қазір Қуаттың "Орынбор" клубымен келісімшарты бар. Бірақ оның командасы Ресей премьер-лигасынан шығып қалды. Сол үшін орынборлық команда оны сатуы мүмкін. 

Еске салайық, Қуат 2019/20 маусымда Ресей біріншілігінде "Орынбор" сапында үш кездесуге қатысты. Ал оған дейін ол алты жыл "Қайраттың" намысын қорғады. 



 

Метки:
Жаңалықтар