КПЛ
4 тамыз 2020 16:24

"Қайсардың" капитаны "Астанаға" өтуден бас тартты

Асхат Тағыберген. Сурет "Қайсар" командасының сайтынан.
Футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген маусымды қызылордалық "Қайсар" сапында аяқтайды,- деп хабарлайды KazFootball.kz


Осыған дейін Тағыбергеннің "Астанаға" ауысы мүмкін екені айтылған болатын. Тіпті келісімшартты қарау үшін ол елордаға да ұшып келген. 

Бірақ дереккөздің мәліметі бойынша, "Қайсардың" бас бапкері Стойчо Младенов капитанын Еуропа лигасындағы маңызды матч алдында жібермеу туралы шешім шығарған. 

Тағыберген "Қайсар" сапына оралып, "Қыран" командасына қарсы өткен жолдастық кездесуге қатысқан. Бұл ойын 5:2 есебімен қызылордалық команданың пайдасына аяқталды. Тағыберген бір гол соқты. 

"Астана" сапына Тағыберген 2016-2017 маусымда ойнап, 35 кездесуге қатысып, төрт гол соққан. Елордалық команданың сапында ол екі рет ел чемпионы және бір рет Қазақстан кубогін жеңіп алған. 

Одан бөлек Асхат "Ақтөбе" мен "Тобылда" өнер көрсеткен. "Қайсар" қатарында 2008-2012 және 2018-2020 жылдары ойнады. Жалпы ел біріншілігінде ол 248 кездесуге қатысып, 19 гол соққан.