ҚПЛ
16 шілде 2021 17:30

"Қайраттың" көшбасшы футболшысы командадан кетуге ниетті

Сурет "Қайрат" сайтынан алынды.

"Қайраттың" черногориялық жартылай қорғаушысы Небойша Косович командадан кетуі мүмкін. Бұл туралы Meta-ratings.kz порталы хабарлар отыр. 

Алматылық команда Рикарду Алвеш келгеннен бастап Косовичтің агенттері өз клиенттерінің болашағына алаңдай бастаған. Өйткені алматылық команда сапында қазір алаң ортасындағы бәсеке айтарлықтай өскен. Қазір орталық жартылай қорғаушылар арасында Айбол Әбікен, Рикарду Алвеш, сондай-ақ Арсен Буранчиев және Андрей Ульшин деген жас ойыншылар бар. Одан бөлек, жуырда польшалық Яцек Гуральский де жарақатынан толық айығып, қатарға қайта қосылады. 

Расталмаған ақпарат бойынша, Косовичтің соңғы кездегі тұрақсыз ойындарынан кейін "Қайрат" командасы да жартылай қорғаушыны сату туралы ойланып жатыр. 

Енді 26 жастағы футболшының агенттері оны сатып алуға ниетті команда іздестіріп жатыр. Косовичтің өзі Польша, Австрия не Румыния біріншілігіне ауысқысы келеді екен. Бірақ ол карьерасын Ресей біріншілігінде де жалғастырып қалуы ықтимал. 

Айта кетейік, Косович "Қайрат" сапына 2019 жылдың наурызында ауысқан. Алматылық команда оны "Партизаннан" 450 мың еуроға сатып алған болатын. Биыл ол алматылық клуб сапында Қазақстан чемпионатында 18 ойынға қатысып, екі гол соққан. Сондай-ақ, Небойша Чемпиондар лигасы іріктеу турнирінде екі ойын өткізді.