КПЛ
3 тамыз 2020 17:29

"Қайраттың" футболшысы ресейдің үздік клубының назарына ілікті

Нұралы Әліп. Сурет "Қайраттың" ресми сайтынан алынды.
"Қайрат" пен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп мәскеулік "Локомотив" командасының назарына ілігіпті. Журналист Айдын Қожахметтің телеграммдағы каналында жазған ақпараты бойынша, 20 жастағы қорғаушы ресейлік клубтың қызығушылығын тудырып отыр. 

"Локомотив" командасының селекциялиялық бөлімі Әліпті жоғары бағалап отыр. Бірақ мәскеулік команданың жетекшілері Қайрат Боранбаев әзірге командасының негізгі орталық қорғаушысын ешқайда сатпайтынын жақсы біледі. Алда чемпиондық ойындар мен Еуропа лигасының матчтары бар. Сондықтан мәскеулік клуб қорғаушыны сатып алу туралы ешқандай ниет білдірмеген", - деп жазады Қожахмет. 

Еске салайық, тамыз айында басталатын Ресей біріншілігінде ЕЭКО елдерінің футболшылары легионер болып саналмайды. 

Негізі, бұған дейін Әліпке бірнеше команданың қызығып отырғаны айтылған еді. Оның ішінде ресейлік командалар да бар. Қорғаушының өзі бір сұхбатында шет елде ойнауға қарсы емес екенін айтты. 

Айта кетейік, өткен маусымда Локомотив екінші орын алып, Чемпиондар лигасының жолдамасына ие болды. Ал Әліп болса, биыл "Қайрат" сапында төрт кездесуге қатысты.