"Қайраттың" Чемпиондар лигасы екінші кезеңіне шыққаны үшін қанша ақша алатыны белгілі болды, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Турнирдің бірінші айналымында "Қайрат" екі ойынның қорытындысы бойынша хайфалық "Маккаби" командасын 3:1 (1:1, 2:0) есебімен жеңіп, екінші кезеңге шықты.
Чемпиондар лигасының бірінші айналымына қатысқаны үшін "Қайрат" 331 000 доллар алады. Ал екінші айналымға шыққаны үшін алматылық клубқа 450 000 доллар беріледі.
Еске салайық, ЧЛ екінші айналымында "Қайрат" сербиялық "Црвена Звезда" командасына қарсы ойнайды. Бірінші ойын 21 шілдеде Алматыда өтсе, екінші ойын 28 шілдеде Белград қаласында болады.
Егер "Қайрат" алдағы ойында "Црвена Звезданы" ұтатын болса, кем дегенде Конференция лигасының топтық кезеңіне түсіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне таласуға мүмкіндік алады.
Ал "Қайрат" жеңіліп жатса, Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне түседі.