КПЛ
21 желтоқсан 2020 19:56

"Қайраттың" 2020 жылға арналған бюджет мөлшері белгілі болды

Сурет: "Қайрат" сайтынан алынды.
Алматы қаласының әкімдігі 2020 жылы "Қайрат" ФК-ны қаржыландыруға 800 миллион теңге бөлді,- деп хабарлады қалалық спорт басқармасы.

"2020 жылы "Қайрат" ФК-ның кәсіби командасына 800 миллион теңге бөлінді. Біздің өңір футбол клубтарын қаржыландыру жағынан ең соңғы орынға ие. 2020 жылы футбол клубын қаржыландыруға жергілікті бюджеттің қатысу мөлшері 16,3 пайызды құрайды. Ал 2021 жылға арналған футбол клубын жергілікті бюджеттен қаржыландыру Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаралатын болады", - деп хабарлады.

Футбол клубының өзі коммерциялық құпияны алға тарта отырып, 2020 жылғы бюджеттің көлемін жария етпеді. Vesti.kz сайтының болжамды бағалауы бойынша, әкімдік бөлген сомаға және пайыздық бөлініске сүйене отырып, "Қайраттың" ағымдағы жылға арналған бюджеті шамамен 4,9 млрд теңгені құрады.

Естеріңізге сала кетейік, маусым нәтижесі бойынша алматылық клуб соңғы 16 жылда алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.