"Қайрат" "Каспиймен" тең ойнап, бірінші орыннан түсіп қалды

Қазақстан Премьер-лигасы 5-турының екінші күні аясындағы кезекті матчта алматылық «Қайрат» «Каспийге» қонаққа барып, 1:1 есебімен тең тарқасып қайтты.

Ойынның 32 минутында айып добынан Уаджди Сали бағыттаған соққыны қақпашы қайтарып, серпілген допқа бірінші болып жеткен Руслан Мингазов есеп ашты. 37 минутта Айбол Әбікен екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылып, алматылықтарды қиын жағдайда қалдырды. Дегенмен, оңтүстік астаналықтар алғашы тайм аяқталмай-ақ 41 минутта Денис Поляковтың тамаша соққысымен есепті теңестіре алды. 

Екінші таймда таблода есеп өзгеріссіз қалып, «Қайрат» көш басындағы орнынан айырылып қалды. Алматылықтар қоржынында елордалықтардың еншісіндегідей 11 ұпай бар, бірақ голдар айырмашылығы бойынша «Астана» көш басына шықты. Ал «Каспий» бес ұпаймен тоғызыншы сатыда келеді. 

ҚПЛ. 5-тур

«Каспий» (Ақтау) – «Қайрат» (Алматы) – 1:1 (1:1)

Голдар: Мингазов (32) – Поляков (41)

Алаңнан қуылды: Әбікен (36).

«Каспий»: Милошевич (Қ), Бондаренко, Сали (Цуцкич, 90+2), Мингазов, Букорац, Тигруджа (Дарабаев, 58), Тәйкенов, Нәбиханов, Воротников, Сахалбаев (Залеский, 90+2), Кәрімов (Караев, 65).

«Қайрат»: Покатилов (Қ), Миканович, Дугалич, Косович, Канте (Үсенов, 75), Поляков (Ульшин, 86), Әбікен, Әліп, Оганесян, Вагнер Лав (Мамба, 62), Алықұлов (Сүйімбаев, 62)

Метки:
Жаңалықтар