КПЛ
29 маусым 2021 14:28

"Қайрат" дауға ұласқан трансферге қатысты сотта жеңіп шықты

Рамазан Оразов. Сурет "Қайрат" сайтынан алынды.

Спорттық арбитраждық сот (CAS)"Қайрат" сапынан кеткен Қазақстан құрамасының футболшысы Рамазан Оразовтың ісіне байланысты шешім шығарды. 

Еске салайық, 2020 жылдың наурыз айында футболшы академиясынан бастап бас командасына дейін жеткен "Қайрат" командасынан латвиялық "Даугавпилс" сапына ауысты. Шілде айында алматылық клуб ФИФА-ға шағым білдіріп, Оразов үшін өтемақы талап еткен болатын. Ал латвиялық клуб болса трансфер барлық ережеге сай болғанына сенімді болды. 

Бірақ CAS "Қайрат" командасын қолдап, шешім шығарды. 

"Сот "Даугавпилс"  командасы "Қайратқа" футболшыны (Оразовты) тәрбиелеп шығарғаны үшін өтемақы беру туралы шешім шығарды. Сондай-ақ латвиялық команда сот ісіне кеткен "Қайраттың" барлық қаржысын өтеп беруі керек", - делінген CAS таратқан ақпаратта. 

Айта кетейік, "Қайрат" жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов алматылық командамен келісімшарты бола тұра "Даугавпилс" клубымен шартнама жасаған. 

"Қайрат" академиясының тәлімгері клуб сапында 2012 жыл мен 2019 жылдар арасында өнер көрсетті. Ол Қазақстан біріншілігінде жиырмадан астам кездесуге қатысты. Сол 2019 жылы Еуропа лигасындағы бірінші кездесуін өткізді. 

Биыл Оразов Қазақстан ұлттық құрамасы сапында бірінші кездесуін де өткізді. Тарқатып айтсақ, 31-наурыз күні Украина құрамасына қарсы кездесудің 46 минутында Асхат Тағыбергеннің орнына алаңға шықты. 

Қазір Оразов командасыз жүр. Маусымның басында қазақстандық футболшы "Чайка" сапынан кетті. Ресейлік командаға ол 12 тамызда ауысып, 12 кездесуде екі голдық пас берді.