Клуб басшыларына футболдан Қазақстан біріншілігінің бірнеше турын бір қалада өткізу туралы ұсыныс жасалды. Чемпионатты жалғастыруға арнайы Комиссиямен қарастырылған бір нұсқасы – Алматы және Талғар қалаларындағы тексеруден өткен 4 стадионды пайдалану.
Орталық және "Жас Қыран" стадиондарына жарысты өткізуге рұқсат берілгені белгілі. Ал Т. Сегізбаев атындағы аренада және Ұлттық құрамалар Базасында бірқатар кемшіліктер бар. Егер аталған кемшіліктер жойылса бұл стадиондарда матчтар өтуі мүмкін.
Бірінші лига командалары арасындағы біріншілікті екі конференцияға бөліп, тек қана бір айналым өткізу ұсынылды. Бұл лиганың кездесулерін де бір локацияда өткізу жоспарлануда, ойындар қайда өтетіні кейінірек анықталады.
Екінші лига командалары арасындағы біріншілікке қатысты Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) тарапына мемлекеттік органдардан елде орын алған жағдайға байланысты кәмелетке толмаған ойыншылардың қатысуымен өтетін барлық жарыстардан бас тартуға ұсыныс жасалды. Бірақ ҚФФ және ҚКФЛ бұл турнирді эпидемиологиялық жағдайдың орнығуымен шектелген уақыт ішінде өткізу жолдарын ойластырып отыр. Қазіргі уақытта аталған турнирді өткізбеуге нақты шешім қабылданбады.
Қазақстан Кубогын өткізу жолдары футболдан Қазақстан чемпионаты жалғасқаннан кейін қарастырылады.
"Аталған жоспарлар Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт және Денсаулық сақтау министрліктерімен міндетті түрде келісіледі. Барлық жарыстар коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу Мемлекеттік комиссияның рұқсатымен ғана өткізіледі", - делінген хабарламада.
Еске салайық, наурыз айында ел біріншілігінің екі туры өтті. Ал 1 шілде күні үшінші тур ойындары болған. 3 шілде күні коронавирус індеті салдарынан еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың қиындап кетуіне байланысты карантин жарияланып, барлық іс-шаралар тоқтатылды.
14 маусым күні ҚФФ ҚР мәдениет және спорт министрлігімен ел біріншілігін бір қалада өткізуге туралы келісімге келгенін айтты. Бірақ соңғы шешімді мемлекеттік комиссия шығарады. Қазақстанда карантин мерзімі 2 тамызда аяқталады.